• формат doc
  • размер 526,21 КБ
  • добавлен 05 апреля 2015 г.
Жүз жазушы - жүз роман
Оқырман назарына ұсынылып отырған бұл кітапта қазақ әдебиеттануында тағы бір барлау, жаңа іс қолға алынды.
Міржақып Дулатовтың Бақытсыз Жамалы (1910) қазақтың тұңғыш романы болса, тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған республикалық бәйгеде бас жүлде алған жас жазушы Тұрсынхан Зәкенұлының Көк түркілердің көз жасы (2001) романы - соңғы жылдары дүниеге келген шығармалардың бірі.
ХХ ғасырда туып, қалыптасып, дамыған қазақ романы ұлтымыздың сан ғасырлық әлеуметтік, рухани өмірін жан-жақты, терең, көркемдік қуатпен бейнелеп берген аса жемісті жанрлық форма ретінде танылды.
Алғашқы үлгілерін М.Дулатов, С.Көбеев, С.Торайғыров тудырған бұл жанр Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров қаламымен ұшталып, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин талантымен биікке көтерілсе, Ғ.Сланов, Х.Есенжанов, З.Шашкин, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев, С.Жүнісов, Р.Тоқтаров, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Сарай, Қ.Жұмаділов, Д.Досжанов, С.Сматаев еңбектерімен кең өріске шықты.
Атап айтатын нәрсе – қазақ романы Қытайдағы, Моңғолиядағы қандас бауырларымыздың да қиын тағдырларын бейнелеп берді. Бұл ретте көп ғұмыры түрмеде өтсе де қолынан қаламы түспеген Қажығұмар Шабданұлының қаһармандығын мадақтау керек.
Тектік түрі жөнінен қазақ романын: реалистік, тарихи, психологиялық, ғұмырнамалық, мемуарлық, саяси, деректі, фантастикалық шытырман оқиғалы, эпикалық, драмалық, лирикалы, роман-эссе, роман-дерек, роман-дилогия, роман-трилогия, роман-тетрология, роман-хроника, цикл роман, т.б. салаларға бөліп қарауға болады.
Қазақ романдарының оқиғасы бейбіт күндерде, соғыс кезінде, бір үйде, бір шаңырақта, бір ауылда, бір көшеде, бір қалада, тау арасында, өзен бойында, теңізде, шөлде, бір руда, бір жүзде, Қазақстанның әр атырабында, Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, Европа елдерінде, Шығыс елдерінде өтеді. Әрекет бір тәулікті, бір аптаны, бір айды, бір жылды, бірнеше жылды, бір ғұмырды, бірнеше ғасырды қамтуы мүмкін.
Кейіпкерлер әр жастағы, әр буынның, қазақтан басқа да нәсілдердің өкілдері, түрлі мамандық иелері, түрлі әлеуметтік, таптық топтан шыққан.
Қазақ романдары бұрынғы кеңес одағы, Балтық бойы, славян, Европа халықтары, ағылшын, неміс, француз, қытай, үнді, моңғол, жапон, вьетнам, түрік, ханди, испан, парсы сияқты көптеген тілдерге аударылған. М.Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясы елуден астам шетел оқырмандарының қолына тиді.
Бір романмен әдебиетімізге олжа салған қаламгерлер (С.Ерубаев, А.Нұрманов, Т.Әлімқұлов), көптеген роман жазған суреткерлер (І.Есенберлин, Р.Тоқтаров) де бар.
Қазақ романының тоқсан жылдық тарихындағы жалпы ауқымын тақырыптық өрісін, көркемдік ізденістерін, бейнелер жүйесін, уақыт пен кеңістікті қамту мүмкіндіктерін, әлеуметтік салмағын, эстетикалық қуатын шолып, жинақтап көрсету мақсатымен жүз жазушының жүз романы қысқаша түрде талданып берілді.
Оқу құралын құрастырып, дайындауда академиктер М.Қаратаев, Р.Сыздықова, С.Қирабаев, Р.Нұрғали, М.Серғалиев, филология ғылымдарының докторлары Б.Кенжебаев, М.Базарбаев, Х.Сүйіншәлиев, Ш.Елеукенов, Ж.Дәдебаев, А.Сейдімбек, М.Хамзин, М.Жармұхамедов, Д.Ысқақұлы, Ж.Ысмағұлов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, З.Серікқалиев, Қ.Әбдезұлы, Қ.Алпысбаев, З.Бисенғали, Қ.Рүстемова, Р.Тұрысбеков, Д.Қамзабекұлы, филология ғылымдарының кандидаттары М.Мағауин, З.Серіқалиұлы, Ә.Бейсебаев, Ғ.Ештанаев, Г.Ержанова, Е.Тілешев, Ж.Аймұхамбетова, М.Шындалиева, С.Әсіпов тарих ғылымдарының кандидаты А.Қашқынбаев, әдебиетшілер С.Әшімбаев, Қ.Құрманғалиев, С.Оразалин, М.Шәріпхан, Б.Имашев, А.Қалиев, Д.Кәпұлы, Ж.Әбдікеева жазған материалдар пайдаланылды.